Алматыда көші-қон мәселесіне қатысты дөңгелек үстел отырысы өтті
АЛМАТЫ. 21 ақпан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Елбасының биылғы халыққа Жолдауы аясында дөңгелек үстел өтті.
Оған елдегі мемлекеттік құрылымдардың мүдделі барлық әлеуеттi құрылымдары өкiлдері, депутаттар және әлемнің әр түкпірінен тарихи мекеніне оралған оралмандар қатысты.
«Күн тәртiбiнiң негiзгi мәселесiне өз Отанына оралуға қызығушы қазақтардың көші-қон дәрежесі қойылды. Тарихта орын алған жайттар қазақтардың көптеген елде шашырап кетуіне әкеп соқты. Оларға Отанға қайтып келу мүмкіндігін беру - елдіктің абыройлы ісі. Қазіргі таңға дейін Қазақстанға 800 мыңнан аса оралмандар келген. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, олардың басым көпшілігі тұрғын үй және жұмысқа тұру мәселесінде проблемаларға тап болуда», - дейді ҚР ІІМ көші-қон комитетінің төрағасы, генерал-майор Хибратолла Досқалиев.
Сонымен қатар ол, көші-қон туралы дайындалып жатқан жаңа заңда өзінің тарихи мекеніне оралған этникалық қазақтар үшiн бұл проблеманы орайымен шешу мәселесі қаралып жатқандығын айтып өтті. Оның пікірінше, бұл оралмандар үшiн барынша ыңғайлы шарттарды жасауға мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ жиын барысында ішкі миграция мәселесі де қозғалды. Кездесудiң қорытындылары бойынша мәжiлiске қатысушылар Қазақстанның мемлекетаралық стратегиясы тұрғысынан iшкi көшi-қон мәселесі шешiмiнiң нақтылы бағдарламасын құру керек деген пiкiрлерге келдi.
«Бiздiң мекеме құзырына барлық маңызды миграциялық функциялар берiліп отыр. 2010 жылғы Президенттің жарлығымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің өкілеттілігі ҚР ІІМ-іне өткені белгілі. Қазіргі кезде біз мемлекеттiк құрылымдармен, қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерiмен және депутаттармен көші-қон комитетiнiң бұдан былайғы қызметіне қатысты мәселелерді қарастырудамыз. Бұл дөңгелек үстелдің тиімділігі келешекте біздің бірлесе атқарған оң нәтижелерімізді көрсететініне сенемін", - дейді Х. Досқалиев.