Алматыда көші-қонға бақылау күшейтілді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев / - Алматы полициялары Республикалық «Мигрант» жедел алдын алу шарасына байланысты сауда орталықтары мен құрылыс нысандарында тексеріс жұмыстарын жүргізуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ІІБ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Екі күнгі еңбек нәтижесінде 784 шетелдік анықталса, оның 84-і алыс шетел азаматтары. Өзбекстаннан 437 азамат, Қырғызстаннан 127 және 136-сы ТМД-ның басқа мемлекеттерінен келгендер. Осы күнге дейін 220 шетелдікті елден шығардық. Анығырақ айтсам, екі арнайы автобуспен халықаралық шекарадағы Қордай және Черняев ауылдарына Қырғызстанның 127, Өзбекстанның 93 азаматын жеткіздік.
«Дәл қазiргі уақытта ІІБ-ның қабылдау-тарату бөлімінде 159 заң бұзушы отыр», дейді Алматы қаласы ІІБ көші-қон полициясы басқармасының бастығы, подполковник Марат Кезембаев.
Сондай-ақ ол шетелдік еңбек күшін тартақан өз еліміздің азаматтары да жауапқа тартылатынын жеткізді.
«Көші-қон бақылауын күшейту, келушілердің азайуына әкелетіндігін тәжірибе көрсетуде. Құрылыс мезгілінің жақындауына орай, заңсыз келімсектер мәселесі өзекті болып отыр. Сондықтан бұл мәселе Алматы қаласы ІІМ мен ІІБ-нің ерекше бақылауында болады. Биыл осындай ондаған шараны ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», деп атап өтті подполковник Кезембаев.
Тәжікстан мен Қырғызстан азаматтарына арнайы тіркеуден өтпесе, Қазақстан аумағына енуге рұқсат жоқ деген заң қабылданған. Жұмыс кестесінің 90 күнімен қатар, оларға бұл олқылықтың орнын толтыру үшін күнтізбелік тағы да бес күн қосылып берілген.