17:39, 30 Қазан 2009 | GMT +5
Алматыда «Көшкін» деп аталатын жаңа қойылымның премьерасы болады
АЛМАТЫ. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда қарашаның 4-де, Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Көшкін» деп аталатын жаңа қойылымның премьерасы болады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Түрік драматургы Түнжер Жүженоғлының бұл шығармасын түрікшеден орысшаға Елена Оганова, ал орысшадан қазақшаға Омар Қиқымов аударған. Қоюшы режиссері - Алма Кәкішева, суретшісі - Қабыл Халықов. Қойылымдағы негізгі тартыс таулы аймақта өмір кешетін бір әулеттегі үш буын арқылы өрбиді. Басты кейіпкерлерді Дулыға Ақмолда, Назгүл Қарабалина, Бақтияр Қожа, Азат Сейітметов сияқты өнер шеберлері сомдағалы отыр. Туындылары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған әйгілі түрік драматургының бұл шығармасында көшкін - табиғаттың ғана құбылысы емес, адамдардың санасында мықтап орныққан қорқыныштың көрінісі. Ал режиссердің идеясы бойынша әлемде болып жатқан апаттардың басты себебі - адамның табиғаттан ажырай бастауынан.