Алматыда қоян-қолтық ұрыстан ІІІ Әлем чемпионаты өтеді

Бұл жайлы Дүниежүзілік қоян-қолтық ұрыс федерациясының президенті Амангелді Шабдарбаев бүгін Алматыда өткізген баспасөз мәслихатында айтты.
Аталмыш спорт додасының жүлде қоры 50 мың АҚШ долларын құрайды. Оған биыл әлемнің 30 елінен 200-ге жуық спортшы қатыспақ. Жарысты ұйымдастырушы - Дүниежүзілік қоян-қолтық ұрыс федерациясы. 1999 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымның қызметі қоян-қолтық ұрысты спорттық жекпе-жектің бір түрі ретінде танытып, дамытуға бағытталған. Федерацияның негізгі мақсаты қоян-қолтық ұрысты халықаралық деңгейде дербес спорт түрі ретінде дамытуға және жалпақ жұртқа танытуға бағытталған кешенді бағдарламаны жүзеге асыру болып саналады.
"Қазақстан қашанда ержүрек батырларымен атағы шыққан ел. Сондықтан да Дүниежүзілік қоян-қолтық ұрыс федерациясы біздің мемлекетімізде құрылды. Қоян-қолтық ұрыс - спорттың ең патриоттық түрлерінің бірі. Дүниежүзілік қоян-қолтық ұрыс федерациясы спорттың бұл түрінің халықаралық деңгейде мойындалып, алдағы уақытта Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілуі үшін барлық күш-жігерін жұмсайтын болады», - дейді Амангелді Шабдарбаев.
Жалпы қоян-қолтық ұрыс - жекпе-жек өнерінің ең тиімді тәсілдеріне негізделген арнайы білім мен техникалық тәсілдер жүйесі. Ол әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің әмбебап қорғаныс техникасын жетілдіру мақсатында пайда болып, жетілдірілген қызметтік-қолданбалы спорт түрі. Қазіргі заманғы қоян-қолтық ұрыс стилі жаттықтырушылар, ғалымдар және спортшылардың көп жылдық тәжірибесі мен шығармашылық ізденістерінің нәтижесінде қалыптасты. Олар тиімді әрі ұтымды тәсілдерді пайдалана отырып, бокс, дзюдо, самбо, джиу-джитсу, тай боксы және кик-боксингтің жетістіктерін біріктіріп қоян-қолтық ұрыс техникасын байытты. Дүниежүзілік қоян-қолтық ұрыс федерациясы (Arm Combat World Federation) - жекпе-жектегі жаңа бағыттардың бірі. Онда жекпе-жек өнерінің өзге түрлеріндегі сияқты спортшыларды рухани-ізгілік тұрғысынан тәрбиелеу негізге алынады. Спорттың бұл түрін санаға сіңіріп, көпшілікке таныту мақсатында «Кеңпейілді күштер. Дүниежүзілік қоян-қолтық ұрыс федерациясы» деп аталатын арнайы фильм түсіріліп, кітап шығарылды.