Алматыда қоймалардағы алапат өрт сөндірілді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы өрт сөндірушілері қоймаларда болған ірі өртті сөндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2016 жылы 6 қарашада сағат 10:42-де Алматы қалалық ТЖД «101» пультіне Жетісу ауданы, Қазыбаев, 264 «А» мекенжайындағы «Карина Trading» ЖШС қоймасының өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Аталған хабар бойынша құтқару күштері мен техникалары жолға шықты. Алғашқы өрт сөндірушілер аталған жерге 10 минутта, сағат 10:52-де жетті.
Өрт сөндірушілердің айтуынша, қоймада макулатура қағаз жанып кеткен. Өрт 11:24-те ауыздықталып, 12:20-да толық сөндірілді. Өрт аумағы 150 шаршы метрді құрайды», - деп хабарлады Алматы қалалық ТЖД-ның ресми өкілі Сандуғаш Баймұхамбетова.