Алматыда көздің қатерлі ісігіне шалдыққан балаларға бірегей ота жасалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Ресей мамандарының қатысуымен «Ретинобластомаға шалдыққан науқастарды жедел емдеу» атты көз іші қатерлі ісігі - ретинобластоманы емдеуге арналған шеберлік-сыныбы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда  көздің қатерлі ісігіне шалдыққан балаларға бірегей ота жасалды

Аталған орталық баспасөз қызметінің мәліметінше, шеберлік-сыныбы аясында елімізде тұңғыш рет көз іші қатерлі ісігіне шалдыққан балаларға селективті интраартериалды химиотерапия  жүргізіліп, орталықта жатқан 4 балаға ота жасалды. Ота жасау үшін Ресейден Н.Блохин атындағы Онкологиялық ұлттық медициналық зерттеу орталығының дәрігерлері - ангиохирург Игорь Трофимов және анестезиолог Леонид Мартынов арнайы шақырылды. Санаулы ғана елдерде енгізілген операцияны ресейлік дәрігерлермен бірге Педиатрия орталығының онколог, офтальмолог, анестезиолог дәрігерлері және Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының офтальмолог дәрігерлері бірігіп өткізді. Қазақстанда тұңғыш рет енгізіліп отырған көз іші қатерлі ісігі- ретинобластоманы емдеудің органсақтаушы озық әдісін енгізу - балалардың көздерін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Операцияның ерекшелігі де осында.

Айтулы шараға орай арнайы өткен баспасөз-мәслихатында ҚР ДСМ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры Риза Боранбаева: «Қазақстанда көз іші қатерлі ісігімен анықталған барлық балалар 2015 жылдан бері біздің Ғылыми орталықта ем алады. Ретинобластома - ол балаларда сирек кездесетін, тұқым қуалайтын көз іші қатерлі ісігі.  Жыл сайын елімізде ретинобластомаға шалдыққан 20-25 бала (алғаш рет ауырған) тіркеледі. Бұл кесел көбіне 5 жасқа дейінгі балаларда анықталуда. Бұл аурудың түрі барлық қатерлі ісіктердің 4%-н құрайды. Жиілігі 14 000 - 20 000 тірі туылған нәрестеге шаққанда 1 жағдайдан кездесуде. Соңғы жылдары енгізіліп отырған жаңа емдеу тәсілдері мен диагностикалаудың арқасында балалардың өмір сүруі ұзартылуда. Біздің мамандарымыз Германия, Австрия сынды елдерден тағылымдамалардан өтіп отырады, сондай-ақ, шет елдік мамандардың қатыстыруымен түрлі біліктіліктерін арттыруға арналған шеберлік-сыныптарын өткізіп отырамыз», - деді.

Оның айтуынша, орталықта 2015 жылдан бастап бұл «жаман ауруды» емдеу бойынша лазеркоагуляция және интравитреалды химиотерапия тәрізді жергілікті емдеу әдістері белсенді енгізіліп және қолданылып келеді. Сонымен қатар, екінші қайталанған ісік тәрізді кеш асқынулардың дамуын төмендету үшін тәуекелге бейімделген ем жүргізуге мүмкіндік беретін IRSS (International Retinoblastoma Staging System) жүйесі бойынша халықаралық жіктелімге сәйкес гистологиялық тәуекел факторларын бағалау жүргізіледі. Бұл жұмыстар Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтымен бірге іске асуда.

«2017 жылдан бастап көз алмасын энуклеациядан кейін өсіп келе жатқан баланың бет сүйегінің косметикалық ақауын төмендетуге мүмкіндік беретін көз импланттарын қолдану басталды. Біздің алдымызда тұрған келесі қадам - ол соңғы 10 жылда АҚШ-та қолданылып және баланың өмірін ғана сақтап қоймай, сонымен қатар 95%-ға дейін көзді де сақтауға мүмкіндік беретін органсақтаушы емнің озық әдісін енгізу болып отыр. Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет енгізілгелі отырған жаңа технология - селективті интраартериалды химиотерапия ондаған науқас балаларға көздерін сақтап қалуға мүмкіндік береді», - деді ол. 

Оның сөзіне қарағанда, операцияны өткізуге орталықта барлық жағдайлар, арнайы медициналық құрал-жабдықтар мен аппараттар бар және мамандар да жеткілікті.

«Көз іші қатерлі ісігін емдеудің селективті интраартриалды химиотерапия, офтальмоаппликатормен брахитерапия жасау, криодеструкция, транспупиллярлы термотерапия және мелфалан мен  топотеканмен интравитреалды химиотерапия түрлері бар. Оның ішінде селективті интраартериалды химиотерапия әдісі ең тиімдісі болып табылады. Бұл ем Америкада 10 жылдан бері қолданылып келеді және бүгінгі күні жоғары, ең тиімді ғана емес, баланың өміршеңдігін 100 пайыз құрап отыр. Қазақстанда емдеудің стандартты тәсілі көзді алып тастау еді. Өмір бойы көз протезін киіп жүру психологиялық тұрғыдан, тіпті қай жағынан алсаң да бала үшін де, ата-ана үшін де өте ауыр. Сондықтан, ата-аналардың көпшілігі көзді сақтап қалу үшін шет елдерге жүгінуде. Мәселен, Ресейде бұл отаны жасату үшін 350 000 рубль қажет болса, Индия, Швейцарияда 60 000-70 000 АҚШ доллар тұрады. Соңғы 10 жылда әлем бойынша ретинобластоманы емдеу өзгерген. Көптеген елдерде көзді алып тастау әдісі азаюда.  Көз іші қатерлі ісігі- ретинобластоманы емдеудің органсақтаушы әдісін енгізу және дамыту Қазақстан азаматтарының өз отанында анатомиялық және функционалдық орган ретінде көздерін сақтай отырып жоғары мамандандырылған тегін көмек алуына мүмкіндік береді», - деді өз кезегінде «Қазақ көз аурулары ҒЗИ» АҚ-ның басқарма төрағасы Марат Сүлейменов.