Алматыда ҚР Білім беру ісінің үздіктеріне құрмет көрсетілді

АЛМАТЫ. Ақпанның 4-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Білім және ғылым министрлігіндегі Елбасының халыққа Жолдауын насихатау тобының жетекшісі алғашқы кездесуін бүгін Алматыда Қазақтың Мұхамеджан Тынышбаев атындағы көлік және коммуникация академиясында өткізді,

Алматыда ҚР Білім беру ісінің үздіктеріне құрмет көрсетілді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Топ жетекшісі, Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Венара Жексенбекова бұл кездесуде алдымен академия оқытушылары Нұрхан Исаев пен Мәдениет Қобдықовқа ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері атағын, ал өзге 4 оқытушыға Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасын табыс етті. Ал Академия ректоры Әділбек Ботабеков ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері атанған ғалымдардың еңбекақысына енді Академия тарапынан жалақыларының 10 пайызы көлемінде қосымша берілетіндігін айтты.

В. Жексенбекова бұл жиында 4 мәселеге айрықша назар аударды. Оның алғашқысы, патриоттық тәрбие жұмысы жөнінде болды. Бұл мәселе бойынша 2009-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бар екенін айтқан министрдің кеңесшісі, атқарылып жатқан іс-шараларға жастарды көптеп атсалысуға шақырды. "Қазіргі таңда оған көбіне тек белсенділер ғана қатысып, өзге жастар одан сырт қалып жатыр. Сондықтан, жұмысты бірігіп атқару керек. Оны Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев кеше Астанада ректорлармен өткен алқалы жиында да айтты. Жалпы, министрлік бұған дейін "Тәрбие жұмысының қазақстандық үлгісі тұжырымдамасын" бекіткен болатын. Онда да патриоттық тәрбие мәселесіне ерекше көңіл бөлінді", дейді Венера Жексенбекова.