Алматыда ҚР Көркемөнер академиясының мүшелері жалпыхалықтық референдумды бір ауыздан қолдайтындықтарын білдірді
АЛМАТЫ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда өткен дөңгелек үстелде ҚР Көркемөнер академиясының мүшелері Президент өкілеттігін ұзартуға арналған референдумға бір ауыздан қолдау білдіретіндіктерін айтты.
«Дөңгелек үстел» отырысында ҚР Көркемөнер академиясының президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Лаура Оразбекова: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылық кезінен бастап Қазақстан шынымен де тәуелсіз, егеменді ел болып, экономика мен мәдениеттің, жаңа саясаттың қалыптасуында биік жетістіктерге жетті»,-деп атап өтті.
Ол сонымен қатар: «Тәуелсіздік жылдары мәдениет пен өнер саласында жаһандық жаңарулар орын алды. Бұл еліміздің жаңа Астанасымен көрініс тапты. Бұнда еліміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтің еңбегі орасан. Ол Еуразия даласының орталығында қала салып, ғаламдық архитектуралық көркем жобалар мен көркейтуде өз үлесін қосты. Еліміздің өнер мен мәдениеттегі барлық шығармашылық қайраткерлері Елбасын Астананың авторы, Қазақстан жаңа мәдениетін қалыптастырушы, реформашы, өнердің жаңа құрылымының негізін қалаушы, оның ішінде Көркемөнер академиясын да құрушы деп санайды»,-деді.
Жиында академияның мүшелері, қоғам қайраткерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты - ел болашағының жетістігі, өнер мен мәдениеттің гүлденуі, тұрақтылықтың кепілі болып табылады деп атап өтті.