Алматыда ҚР Президенті лауазымынан үміткер №17 емханада болды

АЛМАТЫ. 9 наурыз. ҚазАқпарат /Айгүл Тұрысбекова/ - Бүгін Алматы қаласында ҚР Президенті лауазымынан үміткер азамат - ел Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымов қалалық №17 емхананың ұжымымен және емделушілерімен кездесті.

Алматыда ҚР Президенті лауазымынан үміткер №17 емханада болды

Денсаулық сақтау нысаны «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған. Сайлауалды штабтың жетекшісі Гүлжан Нұрпейісованың айтуынша, ҚР президенттігінен үміткердің насихат науқаны денсаулық сақтау мәселесінен бастау алды. «Біз, елдің басты байлығы - адам мен оның денсаулығы деп білеміз. Өкініштісі, мемлекеттік қолдаудың түрлі бағыттары жүзеге асырылып жатқанымен, бұл салада проблемалар жетерлік. Оның бірі - медицина қызметкерлерінің жалақыларының төмендігі. Осы мәселе бүгін басқосуға қатысушылардың Ғани Қасымовпен кездесуі барысында әңгімеге арқау болды», - деп атап өтті Г.Нұрпейісова.

Оның айтуынша, кандидат мекеменің жұмысымен егжей-тегжейлі танысып, емхананың барлық бөлімшелерін аралап көрді, ол көрсететін барлық қызметтер мен жұмыстарға қанықты. «Екі тараптан да сұрақтар көп болды. Ғ.Қасымов емделушілердің, дәрігерлер мен емхана қызметкерлерінің сұрақтарына нақты жауаптар берді. Кездесу өзара түсіністік жағдайында өтті», - деп қорытты сөзін штаб жетекшісі.