Алматыда ҚР Президенті мұрағатының жәдігерлері жұртшылық назарына ұсынылды

АЛМАТЫ. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыдағы ҚР Президенті мұрағатында «ҚР Президенті мұрағатының жәдігерлері» атты көрме ашылды,

Алматыда  ҚР Президенті мұрағатының жәдігерлері жұртшылық назарына ұсынылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мұрағат директоры Владимир Щепельдің айтуынша, мұрағатта кеңестік дәуір, сонымен қатар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жинақталған өте құнды жәдігерлер бар. «Бұлардың қатарында кеңес үкіметінің қалыптасу жылдарындағы саяси қайраткерлердің өмірі, саяси қызметіне байланысты деректер, ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның қалыптасу жылдарындағы қызметі мен рөлін көрсететін аса қымбат деректер бар. Бүгінгі көрме барысында соларды жұртшылық назарына ұсынуды жөн көрдік», дейді мұрағат директоры.

10 бөлімнен тұратын көрмеде 1988-2000 жылдар аралығын бейнелейтін құжаттар қойылған. Олардың қатарында Әліби Жангелдинге 1917 жылы қыркүйектің 25-де Жұмысшы және жауынгер депутаттарының сьездінде берген куәлігі, С.Меңдешевті Қырғыз өлкесін басқару бойынша әскери-революциялық комитетінің мүшесі етіп тағайындау туралы В.Лениннің қолы қойылған мандаты, әйгілі бесеудің хаты, қуғын-сүргінге ұшырағандарды Қазақстанға жер аудару туралы құжаттардың түпнұсқасы бар. Бұнымен қатар Қазақстан әскерлерінің Ұлы Отан соғысына қатысуы, тың және тыңайған жерлерді игеру, Семей полигоны туралы құжаттар, Ұлы Отан соғысындағы фотосуреттер, А.Байтұрсынұлы, А.Розабакиев, Л.Мирзоян, С.Мұқанов, А.Жұбанов және басқа да қайраткерлердің өз қолдарымен толтырған өмірбаяндары, В.Ленин, С.Киров, В.Молотов, Ж.Шаяхметовтердің қолтаңбалары қойылған құжаттар бар.Мұрағат директорының айтуынша, бұл құжаттардың көпшілігі Кеңес үкіметі кезінде «Ерекше папкілер» қатарында құпия сақталған.

Көрменің ашылуына ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағанбетов, саясаттанушы Саттар Мәжитов, ҚР Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер инстиутының директоры Болат Сұлтанов, мұрағат мамандары қатысты.