Алматыда ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ІХ отырысы өтеді
АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратында ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің ІХ отырысы өтеді,
деп хабарлады ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі.
ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы Ғабидолла Әбдірахымовтың төрағалығымен өтетін алқалы жиынға кеңес мүшелері, Астана қаласының, облыс әкімдерінің жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңестердің хатшылары, ҚР Президенті Әкімшілігі мен Премьер-Министрі Кеңсесінің қызметкерлері, Алматы қаласы әкімдігі құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, жастар ұйымдары мен БАҚ өкілдері қатысады.
Отырыс барысында «Жастар саясаты саласындағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Б.Әбдірәсіловтың, «Ауылдың гүлденуі - Қазақстанның гүлденуі» марафон-эстафетаны іске асыру қорытындысы туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры М.Қожахметтің және Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Сейдумановтың «Алматы қаласы әкімінің жанындағы Жастар істері жөніндегі кеңестің қызметі туралы» есептері тыңдалады.
Сонымен қатар, Кеңестің 2012 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасы талқыланатын болады.