Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті қорының стипендиаттары марапатталды
МАТЫ. Қазанның 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті қорының шәкіртақысын алуға жарияланған республикалық байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болып өтті.
Бұл байқау елімізде алғаш рет өткізілді. Шәкіртақы студенттердің оқу, ғылыми және шығармашылық қызметтеріне ынталандыру сыйлығы ретінде табысталып отыр. Байқауға ҚР-ның жоғары және орта арнаулы оқу орындарында «өте жақсы» бағаға оқитын, өз жетістіктерін баяндамалары, ғылыми зерттеулері және басқа белсенділіктерімен дәлелдеген студенттер қатысты.
«Республикамыздың әр аймақтарынан 200-ден астам өтініш келіп түсті. Солардың ішінен ең үздіктерін таңдауға тырыстық. Бүгінгі марапатталып отырған студенттер осы қаражатты оқу мен игілікті жұмыстарға жұмсайды деп сенемін», деді қор директоры Бектас Мұхамеджанов.
Өз кезегінде студенттер атынан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 4-ші курс студенті Жасұлан Тасабаев қор басшылығына алғыстарын жеткізді. «Өзімізге артылған сенімді болашақта ақтауға тырысамыз. Қазақстанның жарқын болашағы үшін сапалы білім алып, осы стипендияның жемісін қайтарамыз деп уәде етеміз», деді ол.
Стипендияға өтініштер Астана, Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Семей, Тараз және Түркістан қалаларынан келіп түскен. Биылғы шәкіртақы 19 студентке табыс етілді. Ұйымдастырушылар шараның болашақта да жалғасатынын мәлім етті.