Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті Қорының төрт жылда шығарған кітаптарының көрмесі ашылды

Көрмеге соңғы төрт жылда қордың өз қаражатымен шығарылған 60-тан аса кітаптар қойылды. Оның ішінде Ұлы Отан соғысы туралы кітаптар, Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арналған кітаптар, жас дарынды ақындар мен жазушылардың көркем шығармалары, сонымен қатар Қазақстанның жас ғалымдарының еңбектері де бар. Экспозицияға өткен жылы Елбасының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Қоры шығарған Н.Назарбаевтың 7 кітаптан тұратын қазақ, орыс, ағылшын тіліндегі еңбектерінің жинағы да қойылған.
Көрмені Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қорының атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов ашты.
"Шыққан 60-тан аса кітаптардың әрқайсысы 500 данамен басылып шықты. Алдағы уақытта осы кітаптардың электрондық нұсқасы да шығатын болады. Басылып шыққан кітаптар ішінен Мұқағали Мақатаевтың 80 жылдығына арнап шығарылған кітапты атап өткім келеді. Бұл кітапқа ақынның бұған дейін еш жерде жарияланбаған өлеңдері еніп отыр. Сонымен қатар 10 кітап болып шыққан ардагерлердің естелік кітаптарын ерекше атап өткім келеді. Ол кітаптардың өзгешелігі - онда Ұлы Отан соғысының басталғаннан біткенге дейінгі жылдары ардагерлердің өз көздерімен көрген оқиғалары жазылған",-деді ҚР Тұңғыш Президенті Қорынның атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов.
Оның айтуынша, кітаптар қаламыздың 300-ден аса ұлттық кітапханаларына, ЖОО-лары мен мектеп кітапханаларына тегін таратылатын болады.
Шараға кітаптардың авторлары, Алматы қаласының қоғамдық ұйымдарының, баспаханалары мен кітапханаларының, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Қорының жанындағы шығармашыл жастар және жас ғалымдар Кеңестерінің өкілдері қатысты.
Шара барысында Қор шығарған кітаптарды қаланың кітапханаларына сыйға тарту ету рәсімі болып өтті.
Көрме жұмысы қыркүйектің 25-іне дейін жалғасады.