Алматыда "ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы рөлі" атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
АЛМАТЫ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Қазақстанның барлық саладағы жетістігі және қалыптасқан халықаралық беделі және еліміздің бүкіләлемдік деңгейде тәуелсіз мемлекет ретінде танылуы ең алдымен Елбасының көреген басшылығы мен салиқалы саясатының арқасында қол жеткен нәтиже.
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен "ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы рөлі" атты ғылыми-тәжірибелік конференция барысында «Нұр Отан» ХДП-ның Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Кәрімоллин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, Н.Назарбаевтың Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы рөлі үлкен тарихи оқиға. "Өйткені, КСРО-ның күйреуі кезіндегі қиын жылдарда және қайта құру уақытында Елбасы әлеуметтік-экономикалық реформалардың генераторы болды, соның арқасында еліміз қоғамда тұрақтылықты сақтай отырып, дамудың дұрыс бағытын таңдап, дағдарыстан шықты", деп атап өтті ол.
Конференцияға ғалымдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, саяси партиялардың көшбасшылары, Алматының мәслихат депутаттары, ҮЕҰ-дың жетекшілері қатысты. Олардың айтуынша, еліміздегі ұлтаралық келісім мен әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуы - мемлекеттік саясаттың басымдылықтарының бірі болып саналады.
Сонымен қатар, жиын барысында қатысушылар биылғы жылы Президент институтына 20 жыл толатындығын атап өтіп, "Президенттік басқарудың 20 жылы ішінде елімізде бірқатар экономикалық және саяси реформалар жүзеге асырылып, ірі институционалды өзгерістер болды", деді.
Конференция аясында тәуелсіз Қазақстанның құрылу мен даму тарихы, Тұңғыш Президенттің рөлі және президенттік басқарудың тарихи жолы қаралды.