Алматыда КСРО және ҚазКСР халық әртісі Сәбира Майқановаға арналған "Театр көктемі-2010" фестивалі мәресіне жетті
АЛМАТЫ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Қазақтың Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында КСРО және ҚазКСР халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбира Майқановаға арналған "Театр көктемі-2010" фестивалі мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Фестивальде Сәбира Майқанова атындағы «Ең үздік әйел» бейнесі жүлдесін кеше ғана премьерасы болып өткен «Мұрагерлер» қойылымында Салиха рөлін жақсы сомдағаны үшін Ғазиза Әбдінәбиева алды. «Біріншіден, театрға, содан кейін әріптестеріме Сәбира апамыздың рөлін ашуға көмектескеніне алғысымды білдіргім келеді. Рөлді сомдауға бір ай дайындалдым, алғаш театрға келгенде Сәбира апаның репетицияда киген киімдерін маған берген болатын. Содан бастап, іштей тілеу тілеп, баяғыдан дайындалып жүрдім. Әрине, бұл рөлді бергенде қатты қобалжыдым. Кейіпкер рөлін ойдағыдай алып шыққаныма қуаныштымын. Сәбира апамыз асқақ Алатау ғой, біз оның етегіндегі төбе болсақта соған ризамыз», деді Ғазиза Әбдінәбиева.
Сонымен қатар, осымен 15-ші рет өтіп отырған дәстүрлі фестивалдің «Үміт» жүлдесін «Көшкін» қойылымының режиссері Алма Кәкішева иеленді. Ал, өз кейіпкерлерін ойдағыдай сомдағаны үшін «Тұсау кесер» жүлдесін Ләззат Қалдыбекова, «Үздік ер адам» жүлдесін Бекжан Тұрыс, «Кейіпкерге сүйіспеншілік» жүлдесін Жандарбек Садырбаев, «Лирикалық кейіпкер әлемі» жүлдесін Дәрия Жүсіп, «Екінші кезектегі ер адам» жүлдесін Бақтияр Қожа, «Есте қалар кейіпкер» жүлдесін Бауыржан Қаптағай мен Асылбек Боранбай алды.
«Әділ қазылар үшін таңдау қиынға соқты. Өйткені, әртістер шеберліктерін көрсете білді, режиссерлық жаңа шешімдер болды. Сондықтан, театрға бұл фестивалдің берері үлкен деп есептеймін», деді әділ қазылар алқасының мүшесі, театр директорының әдебиет жөніндегі кеңесшісі Әлия Бөпежанова.
Сондай-ақ, бірқатар БАҚ қызметкерлері театрдың бір жылдық жұмысын насихаттағаны үшін арнайы «Театр және ақпарат» жүлдесімен марапатталды.