Алматыда КСРО және Ресей халық суретшісі Зураб Церетелидің жеке көрмесі ашылды (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде КСРО және Ресей Федерациясының халық суретшісі, Ресей көркемсурет академиясының президенті, Мәскеу заманауи өнер музейінің директоры Зураб Церетелидің жеке көрмесі ашылды.
«Көрмеге 20 шақты картина және 20 шақты мүсіндер қойылды. Бұл Зураб Церетелидің соңғы 5 жыл ішінде жасаған туындылары. Суретшінің басты тақырыбы - адам және қоршаған орта. Ол образдарды әр түрлі бояулармен айшықты етіп жасағанды жақсы көреді. Зураб Церетелидің өнерін көптеген жанрдың синтезі деуге болады. Оның шығармаларында реализм де, сюреализм де, экспрессионизм де бар. Олардың барлығы академиялық мектепке негізделген», - деді өз сөзінде Ресей көркемсурет академиясының ғылыми-ұйымдастыру басқармасының бастығы, өнертанушы, З. Церетелидің көмекшісі Татьяна Кочемасова.
Сонымен қатар, бүгінгі көрмеге 20-шы ғасырдың суретшілері, Марк Шагал, Пабло Пикассо, Амадео Модильяни, Винсент Ван Гогқа арналған кішігірім мүсіндер қойылған. Зураб Церетелидің айтуынша, олар оның өнердегі ұстаздары.
Бүгінгі көрме Қазақстанда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.
«Мен кеше ғана Қытайдан келдім. Бүгін Алматыда мінеки менің жеке көрмем ашылып жатыр. Бұл үшін ұйымдастырушыларға үлкен алғысымды білдіремін! Қазақстан менің жүрегімде ерекше орын алады. Алматының табиғаты өте сұлу. Ал Астана қаласы көркейіп, әсем қалаға айналды. Мен кезінде оның бас жоспарын жасауға үлес қосқанымды мақтан тұтамын. Ал Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз халқын жарқын болашаққа бастап келеді», - деді өз кезегінде З. Церетели.
Айта кетелік, Зураб Церетели күні бүгінге дейін 7 мыңнан аса кескіндеме, 10 мыңға жуық графикалық туынды және жүздеген мүсіндер жасаған. Сонымен қатар, әлемнің әр түрлі елдерінде суретшінің белгілі монументалды ескерткіштері орнатылған.
Зураб Церетелидің жеке көрмесі бір ай көлемінде болады.