Алматыда «Қуат» корпорациясы салған тұрғын үй пайдалануға берілді

АЛМАТЫ. Қазанның 4-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- Бүгін Алматыда «Қуат» корпорациясы» АҚ-ның құрылысы ұзаққа созылған нысандарының бірі - «Үштөбе» тұрғын үй кешені пайдалануға беріліп, 92 үлескерге көптен күткен пәтер кілттері табыс етілді.
None
None

Үлескерлер Алматы қаласы әкімшілігі, "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ, Казкоммерцбанк және Global Building Contract әріптестігі нәтижесінде өздеріне тиесілі пәтерлеріне ие болды. Құрылысты аяқтауға қажетті 1,255 миллион теңге көлеміндегі қаржыны Казкоммерцбанк "Стресті активтер қоры" АҚ-ы 20 миллиард теңге есебінен бөлген. Бұл кешен - «Қуат» корпорациясының, "Самұрық-Қазына" қоры мен Астана және Алматы әкімшіліктері арасында 2009 жылы мамыр айында қабылданған Меморандумға сәйкес салынып бітуі тиіс аяқталмаған жеті тұрғын үй кешендерінің бірі.

«Үштөбе» тұрғын үй кешені 16 қабатты екі ғимараттан, оған қоса коммерциялық және сауда алаңдарынан, 79 автокөлікке есептелген автопаркингтен тұрады. Кешеннің жалпы ауданы - 22 606 шаршы метр.

Үлескерлерге пәтер кілттерін табыс еткен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Виктор Долженков: "Жыл соңына дейін 4 625 үлескер өз пәтерлерін алады. Жалпы алғанда бізде 5 500 үлескер қалды. Оның 3 300-і келесі жылға қалады. Дегенмен, біз 2011 жылға қалатын үлескерлерге осы «Үштөбе» тұрғын үй кешенінен пәтерлер беруді ұйғарып отырмыз", деді.

Ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Global Building Contract» ЖШС жобалау компаниясының директоры Болат Сауранбаев : «Жоспар бойынша, нысандар өз мерзімінде тапсырылды, сол арқылы біз мемлекет, үлескерлер және Казкоммерцбанк алдындағы міндеттерімізді орындадық. Айта кетерлік жайт, әкімшіліктің дер кезінде қабылдаған шешімі бізге жұмысты мерзімінде бітіру мен құрылыс сапасына назар аударуға жол ашты», деп атап өтті.

Казкоммерцбанктің атқарушы директоры Мағжан Әуезов: «Біз әуел бастан қаладағы тұрғын үй құрылыстарын аяқтаудың маңыздылығын түсіндік. Жұмыс барысында мемлекет қаржысын өз мақсатында жұмсауға, нысанды мерзімінде өткізуге және өз құнын асырмауға баса көңіл бөлдік. Басқа да нысандар белгіленген мерзімде аяқталады деп сенемін», деді.

Соңғы жаңалықтар