Алматыда құбырлардың астында қалған қыз екі айдан кейін ғана аяғынан тұра алады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жүк көлігінен құлаған ауыр құбырлар басып қалған бойжеткенге ота жасалды, енді ол амбулаториялық ем қабылдауға әзірленіп жатыр, деп хабарлады Алматы қаласындағы 4-ші клиникалық емхана дәрігерінің орындасары Қанат Тезекбаев.

Алматыда құбырлардың астында қалған қыз екі айдан кейін ғана аяғынан тұра алады

«7 шілде күні біздің ауруханаға түскен емделуші Белоусованың жағдайы тұрақтанғаннан кейін, 17 шілде күні оған екі ота жасалды. Ота оның жамбас сүйегіне жасалды. Қазіргі уақытта емделушінің жағдайы қанағаттарлық, жаралары жазылып келеді. Оны келесі аптаның басында амбулаториялық емдеуге шығару жоспарланып отыр. Жалпы, жамбас сүйегінің сынығы 2,5-5 айда бітеді. Сондықтан, ол әлі де дәрігерлердің бақылауында болады. Шамамен, 2 айдан кейін аяғынан тік тұра алады. Ол мүгедек болмайды, өз аяғымен жүретін болады», деді 4-ші қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Қанат Тезекбаев.

Еске сала кетейік , Алматыда жылу желісінің құбырларын тасымалдап бара жатқан КамАЗ жүк көлігі жол апатына ұшыраған болатын. Жүргізуші бұрылысқа келгенде рульден айырылып қалып, құбырлар аударылған тіркемеден сырғып түскен. Сол кезде диаметрі шамамен 60 см болатын темір құбырлар дөңгелеп барып, жолдан өтіп бара жатқан қызды жарақаттаған болатын.