Алматыда құда күтіп, қыз ұзатқандарға 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде мониторинг топтарының жұмысы барысында соңғы аптада 10 нысанда және 51 жеке тұлғаның карантин режимін бұзғаны анықталды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы - 5 млн теңге, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Мониторингі топтары осы жылдың 17 тамызынан бері шағын және орта бизнес саласында эпидемиялық талаптарды сақтауына қатысты 9 мыңнан астам тексеру жүргізді. Әкімшілік құқық бұзу бойынша 3801 хаттама толтырылды. 2693 жеке тұлғаға маска режимін бұзғаны үшін айыппұл салынды. Шағын және орта бизнестің 1635 субъектісі өз еркімен қызметін тоқтатты. Соттың қарауына 19 материал тапсырылды» деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Негізгі тәртіп бұзу фактілері – маска режимінің сақталмауы, жұмыс режимінің бұзылуы, дезинфекциялық құралдардың жоқтығы, сонымен бірге жаппай көпшілік шараларды ұйымдастыру.

«18 қыркүйекте Жетісу ауданы Жангелдин көшесі, 193 мекенжайында орналасқан «Данияр» мейрамханасында ұзату той өткізілгені туралы ақпарат келді. Одан кейін жедел түрде мониторинг тобы Жетісу ауданының жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп тексеруге барды. Банкет 50 адамның қатысумен өткізілген. Жеке кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 425-бабы 1-тармағы бойынша 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды» делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, 20 қыркүйекте түнгі уақытта Медеу ауданында жекеменшік үйде құдалық өткізіліп жатқаны туралы ақпарат келіп түскен. Тексеру барысында ақпарат расталған. Шара ұйымдастырушыларына қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылды.

«Сонымен бірге, Әуезов ауданының мониторинг топтарының жұмысы барысында «Мята» кафетериінің түнгі 23-00-ден кейін жұмыс істегені, сондай-ақ, адамдардың топтасып, жиналғаны анықталды. Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 425-бабы 1-тармағына сәйкес 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Бас мемлекеттік дәрігердің 2020 жылғы 15 тамыздағы қаулысына сәйкес, үйлену тойын, мерейтой, құдайы тамақ өткізуге тыйым салынған. Сонымен бірге үйге көп адамның келуіне болмайды. Бұл шаралар коронавирус инфекциясының таралу қаупін төмендету үшін қажет» делінген ақпаратта.

Еске салайық, Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен 26 мониторинг тобы карантин шараларының сақталуын қадағалайды.
Оның құрамына аудан әкімдіктерінің өкілдері, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті және полиция қызметкерлері енген.


Соңғы жаңалықтар