Алматыда құдық суын ішіп келген аудандарға құбыр желілері тартылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы Наурызбай ауданының 30 мыңнан астам тұрғыны таза ауыз сумен қамтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қалалық әкімдікке сілтеме жасай отырып.
Наурызбай ауданында жаңа инженерлік желілердің іске қосылуы арқасында «Алты алаш», «Қалқаман-2» елді мекендерінің жеке секторындағы 5 мың үйге және «Қалқаман-3» ықшам ауданындағы 30 мыңға жуық тұрғынға жаңа желі арқылы таза ауыз су жеткізілді.
«Әр үйге таза суық су жаңа құбырлар арқылы берілді. Орталықтандырылған су желісіне қосылғысы келген тұрғындар «Алматы су» МКК-мен тиісті келісімшарт жасауы қажет», - деді Алматы қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынан.
Бұған дейін аталған елді мекендердің тұрғындары техникалық талаптар сақталмаған жеке су скважиналарын және қолдан жасалған су желілерін пайдаланып келген еді. Жаз айында судың қуаты бәсеңдейтін.
«Келеңсіз жайттардың алдын алу және суық сумен тұрғындарды тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа желілерде насосты станциялардың қуаты арттырылды. 4 мыңға жуық тұрғын орталықтанған су желісіне қосылу үшін құжаттар тапсырды. Бір ай ішінде барлық тұтынушылардың құжаттары толтырылады және олар жаңа желіге қосылады», - делінген ведомство хабарламасында.
Орталық су желісіне қосу жұмыстары «Қалқаман-3» ықшам ауданынан басталды. Қазіргі кезде мұнда 560 жеке үй таза ауыз суды пайдаланып отыр.
Алматы қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметіне сүйенсек, 209 шақырымдық жаңа су желісі мемлекет есебінен жүргізілген.