Алматыда күкірт қышқылын өндіру, сақтау, тасымалдау және оны қолдану технологиясына арналған кеңес өтті
rong> Қазанның 1-і. ҚазАқпарат - Елімізде күкірт қышқылын өндіру және жеткізу мәселелерін реттеумен шұғылданатын Үйлестіру кеңесі құрылмақ.
Бұл мәселе күкірт қышқылын өндіру, сақтау, тасымалдау және оны «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның уран өндіруші кәсіпорындарында қолдану технологиясына арналған кеңесте шешілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ұлттық компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының бастамашылдығымен өткен басқосу салалық кәсіпорындарды күкірт қышқылымен жабдықтау және оны өндірісшіден түпкілікті тұтынушыға дейін тұрақты жеткізіп беруді қамтамасыз етудің өзекті мәселелерін талқылауға арналған болатын. Ол акционерлік қоғамның президенті Владимир Школьниктің төрағалық етуімен өтті. Оған компанияның құрылымдық бөлімшелері мен күкірт қышқылын өндіретін отандық компаниялардың («Қазмырыш» АҚ, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС) басшылары мен көлік және экспедиторлық компаниялардың жетекшілері қатысты.
«Қазатомөнеркәсіп» ұлтық атом компаниясына қарасты кәсіпорындарда 2015 жылы күкірт қышқылын тұтыну 2006 жылғы көлеммен салыстырғанда 4 есе ұлғаймақ. Бүгінгі таңда Қазақстанда күкірт қышқылын тек «Қазақмыс» және «Қазмырыш» компаниялары ғана өндіреді. Олармен стратегиялық әріптестікті сақтай отырып «Қазатомөнеркәсіп» өзінің сұраныстарын қамтамасыз ету үшін бұған қосымша Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін өз зауытының құрылысын бастады. Жаңа күкірт қышқылы зауытының іргетасына капсула салу рәсімі үстіміздегі жылғы тамыздың 31-де болды. Ұлттық атом компаниясы енді Степногор қаласы маңында да күкірт қышқылы өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Осындай тағы екі зауыттың құрылысы уран өндіретін «Ыңғай» және «Катко» біріккен кәсіпорындарында да қарастырылуда.
Бұл кеңесте күкірт қышқылын өндіру мен жеткізуді реттеумен айналысатын арнайы Үйлестіру кеңесін құру туралы шешім қабылданды. Ол «Сауда-көлік компаниясы» ЖШС-нің логистикалық нысандарын салу және кеңейтуді (автожолдар, қойма және жүкті ауыстырып тиеу қуаттары) қаржыландыруды анықтаумен қатар, темір жол арқылы күкірт қышқылын тасымалдаудың тарифтерін төмендету мүмкіндіктерін де қарастыратын болады.