Алматыда құқық қорғау жүйесінің өзекті мәселелері талқыланды
АЛМАТЫ. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыдағы «Тянь-Шань» қонақүйінде «Қазақстанның құқық қорғау жүйесін реформалаудың негізгі контурлары» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті.
Оны ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырысымен «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығы ұйымдастырып отыр. Отырысқа ЖОО-лардың заң ғылымдары жөніндегі профессорлары мен бірқатар ҮЕҰ және ІІМ академиясының өкілдері қатысты.
Жиын барысында Қазақстанның құқық қорғау жүйесінің өзекті мәселелеріне, оларды шешу жолдары мен реформалауға қатысты бірнеше баяндамалар оқылып, талқылаулар болды. «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығының президенті Гүлмира Елеуова өзінің «Қазақстандықтардың құқық қорғау органдарына көзқарасы» атты баяндамасында халықтың жақсы пікірде екендігін жеткізді. «Соңғы, осы жылдың наурыз айында жүргізілген статистикалық зерттеулер бойынша, тұрғындардың 63 пайызы өздерін қауіпсіз сезінетіндіктерін көрсетті. Ал құқық қорғаушылардың қызметін бағалауда ҰҚК жоғары көрсеткішке ие болса, ең төменгі орында жол полициясы қызметі», деді Г. Елеуова. Ол сонымен бірге азаматтардың көбінесе осы жол полицейлерімен түсініспеушіліктері орын алатындығын мәлім етті.