18:43, 27 Желтоқсан 2019 | GMT +5
Алматыда құлаған ұшақта болған нәрестелердің жағдайы қалай
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда дәрігерлер құлаған ұшақта зардап шеккен балалардың жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қайғылы оқиғадан соң балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына 9 бала жеткізілген.
«Бізге 9 бала жеткізілді. Оның үшеуі - бір жасқа дейінгі балалар. 3 бала бөлімшеде жатыр. Қалған 6 бала жансақтау бөлімінде. Сан сүйегі сынған екі балаға ота жасалды. Жағдайлары бірқалыпты. Өміріне еш қауіп төніп тұрған жоқ. Барлық медициналық препараттар жеткілікті. Балалардың ата-аналары аман деп естідік. Туыстары келіп балаларды көріп кетті», - деді орталықтың бас дәрігері Абай Құсайынов.
Айта кетейік, бүгін таңертең Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті. Кейін 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты.