Алматыда құмар ойын бизнесін қыздырған қылмыстық топ мүшелері сотталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда заңсыз ойынханалар ашқан қылмыстық топ мүшелері сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда құмар ойын бизнесін қыздырған қылмыстық топ мүшелері сотталды

« 24 қаңтар күні Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты мегополисте заңсыз құмар ойындарын жүргізген ұйымдасқан қылмыстық топтың 6 мүшесіне үкім шығарды. Оларға 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айру жазасы тағайындалды», – деп хабарлайды Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментінің баспасөз қызметі.

Қылмыстық топ екі ойын мекемесін, 60-тан астам ойын нүктесін ашқан. Ол жерлерде ойын терминалдары жұмыс істеген (дүкендер, автокөлік жуу орындары, компьютерлік клубтар, базарлар). Сондай-ақ ойын терминалдарын құрастыру мен жөндеу шеберханалары анықталды.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында заңсыз ойын бизнесіне арналған 230-дан астам ойын терминалы, компьютерлік техника, сондай-ақ 15 миллион теңгеден астам ақша табылып, тәркіленді», - деп хабарлады департаменттен.