Алматыда күн сайын 16 мың жолаушы метро қызметін пайдаланады - Ахметжан Есімов

АЛМАТЫ. 10 тамыз. ҚазАқпарат - Алматы метросы 5 күн бұрын 2 миллионыншы жолаушысын тасымалдады. Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін құрылысшылар күніне арналған салтанатты жиында айтты.

Алматыда күн сайын 16 мың жолаушы метро қызметін пайдаланады - Ахметжан Есімов

«Алматы метросында қазір 7 пойыз жұмыс жасауда.   2013 жылы батыс бағытта тағы 2 бекет іске қосылған соң  жолаушылар тасымалдау көлемі одан ары ұлғаятын болады. Қазір күн сайын оның қызметін  16 мың адам пайдаланады», - деді А.Есімов. Қала әкімінің айтуынша, соңғы жылдары 18 жол айрығы мен 20 жүргіншілер өткелі салынды. Биыл 6 жол айрығы мен 16 жүргіншілер өткелінің құрылысы жүріп жатыр. Ал 2013 жылы 42 жүргіншілер өткелін салу бағдарламасы толық аяқталады деп жоспарлануда.

Сондай-ақ  Төле би көшесін шығыс айналма жолына дейін созу жобасы жасалды. Бұл орталықтағы көлік жүктемесін айтарлықтай жеңілдетпек.