Алматыда күн сайын мыңнан астам зейнеткер «Белсенді ұзақ өмір» орталығына барады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы әкімдігі егде жастағы адамдардың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыруға қамқорлық жасайды. 2018 жылдан бастап мегаполисте «Белсенді ұзақ өмір» жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аға буын өкілдері арасында үлкен сұранысқа ие.
Белсенді ұзақ өмір сүрудің 9 орталығында қатысушылар пікірлестерін табады, уақытын қызықты өткізеді, жаңа нәрсені үйренеді. Бұл туралы Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жәнібек Қаратаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінде қалада тоғыз Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қызмет көрсетеді, яғни мұндай орталықтар барлық ауданда бар. Оларға күн сайын 1 мыңнан астам адам келеді», - деді Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, орталықта қарт адамдарға түрлі қызметтер мен демалыс түрлері ұсынылады. Бұл өмірлік тонус пен денсаулықты сақтау үшін дәрігерлердің кеңестері, психологтармен әңгімелер, курстарда оқыту, дене шынықтыру.
Зейнеткерлер қолөнер, музыка және би, қазақ және ағылшын тілі сабақтарына, компьютерлік курстарға қатыса алады. Олар үшін мұражайларға, театрларға, көрмелерге, киноларға бару ұйымдастырылып, мерекелер өткізіледі.
Сонымен қатар, зейнеткерлер бос уақыттарын тиімді өткізеді. Шахмат, нарды, домино ойнайды. Сурет салу, кескіндеме және графика, өсімдік шаруашылығы, қолөнер, сондай-ақ жадыны нығайту техникасы бар. Орталықтардағы барлық шара санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып жүргізіледі.
«Шамамен 13 500 қарт алматылық емдік йогамен, скандинавиялық жүріспен, емдік дене шынықтырумен айналысады. Бұл қызмет түрі әсіресе зейнеткерлер арасында танымал. Зейнеткерлер кеңес алу үшін геронтолог, кенезиолог-психологтарға жүгіне алады», - деді Жәнібек Қаратаев.
Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының өкілі жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен биыл 500-ден астам зейнеткер үшін Есік, Қапшағай қалаларына, Ой-қарағайға, Қаскелең шатқалына туристік сапарлар ұйымдастырылғанын айтты.
Биыл шілде айынан бастап белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында «құм арт-терапия» техникасы курсы ашылды. Бұл- психотерапия әдістерінің бірі. Курсттан елуден астам адам өтті.