Алматыда құны $50 млн болатын АҚШ пен Қазақстанның біріккен жобасы іске қосылады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда құны $50 млн болатын Америка мен Қазақстанның біріккен өндірістік жобасы іске қосылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда құны $50 млн болатын АҚШ пен Қазақстанның біріккен жобасы іске қосылады

Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Twitter парақшасындағы жазбасында айтты.

«Valmont Industries компаниясының жаһандық операциялар бойынша вице-президенті Роберт Гилленмен кездесу кезінде Алматының Индустриалды аймағында құны $50 млн болатын инвестициялық-өндірістік жобаны жүзеге асыру туралы келістік», - деді әкім.

Бұл жоба бойынша Алматы арнайы экономикалық аймағында ирригациялық жүйелерді шығаратын зауыт салынады.

«Индустриалдық аймақта сіздердің зауыттың бой көтеруі Алматы қаласының инвестициялық тартымдылығын тағы бір дәлелдесе керек», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Бүгінде Алматы арнайы индустриалдық аймағында 43 компания жобаларды жүзеге асыруға кірісті.

Оның 9-ына шетелдік инвесторлардың қатысы бар. Жалпы құны 181 млрд теңге инвестиция салынатын болды. 6,7 мыңнан аса жұмыс орны ашылады.

Биыл жалпы құны 24,1 млрд теңге болатын 14 жоба іске қосылады.