Алматыда құрамындағы нитраты 1,5 есеге артық бау-бақша өнімдері анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда Өзбекстан мен елдің оңтүстік өңірлерінде ерте піскен қауын-қарбыздың саудасы қызып тұр. Осыған байланысты мамандар санитарлық нормаларға сай келмейтін өнімдерден сақтандырады, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Жабайы сауданың нарқы жүріп, адам денсаулығына қауіпті өнімдер тұтынушыға жол тартып жатыр. Атап айтқанда, мамандар солтүстік айналма жолының бойындағы сауда нүктелерінен нитраты шамадан тыс өнімдерді анықтады. Мамыр айынан бері Алматыда 1 мың 200 санитарлық-химиялық сынама жасалып, нитраты 1,5 есеге артық өнімдер анықталған. Тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы сатып алушыларға сақ болуды ескертті.