Алматыда Құран оқудан жарыс өтуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің барлық мешіттерінде «Сендердің жақсыларың Құранды үйренгендерің және оны үйреткендерің» деген хадиске амал етушілердің қатары көбейіп келеді.

Алматыда Құран оқудан жарыс өтуде

Бүгін осы мақсатта күллі мұсылман жұртының мерекесі Рамазан айы қарсаңында Алматы Орталық мешітінде Құран жарысы ұйымдастырылуда. Бұл жарыста 15 жасқа дейінгі 60-тан астам бала бақ сынап жатыр, деп хабарлайды muftyat.kz. Солардың арасында мұсылманның Қасиетті хақ кітабын ырғаққа келтіріп оқыған 5 жасар Мұстафа да бар. 4 жасынан бастап Құранды әкесінің үйретуімен жаттаған ол 75 сүрені жаңылмай айтады екен.

Бес адамнан тұратын қазылар алқасы әрбір талапкерлерді екі түрлі сыннан өткізеді. Демек, әркім өзі дайындалып келген сүрені мақамына келтіріп және Құранның 30-шы парасын жатқа оқып беруі керек.

Байқау соңында жеңімпаздарға жүлде таратылып, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталады.

1-ші орынға - 75 000 теңге, 2-ші орынға - 55 000 теңге, үшінші орынға 35 000 теңге беріледі. Сондай-ақ бес ынталандыру сыйлығы ретінде электронды Құран үлгілері табысталады.