Алматыда құрбандық шалатын орында санитарлық талаптар өрескел бұзылған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыдағы « Каменка» базарында құрбандыққа сойылған малдың қаны мен бас-сирақ, ішек-қарынынан аяқ алып жүру мүмкін болмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Оның видеосы әлеуметтік желі мен мессенджерлер арқылы тарап жатыр.

Видео авторының айтуынша, бұл «Каменка» базары. Келушілер де, қасапшылар да ешқандай санитарлық талапты сақтамаған.

Бейнежазбадан еденде шашылып жатқан қойдың бас-сирағы мен ішек-қарынын көруге болады.

Осы жағдайды Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрлан Тәшімов түсіндірді.

«Өкінішке орай, осындай жағдайдың болғаны рас. Бұл оқиға 9 шілде күні «Каменка» базарында болды. Айт намазынан кейін адамдар жаппай құрбандыққа шалатын малдарын алып ішке еніп кеткен. Мамандар басында жағдайды бақылай алмай қалды. Ол жерге ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық инспекциясынан екі адам бектілген. Кейін, мамандар ереже бұзғандарды тоқтатып қойып, жинап, тазалатқызып барып, қайта рұқсат берді. Құрбан айт мерекесі аяқталғанан кейін жауапты адамдарға шара қолданылады»,- деді ол.

Айтуынша, келер жылы бұл базарға мал союға рұқсат берілмеуі мүмкін.

«2023 жылы аталған базарға Құрбан айт мейрамы кезінде мал союға рұқсат бермеу мәселесін көтереміз. Себебі, базар әкімшілігі ұйымдастыру жұмысын жүргізе алмады»,-дейді Нұрлан Тәшімов.

Айта кетейік, мегаполисте құрбандық шалуға 13 орын белгіленген еді.

Соңғы жаңалықтар