Алматыда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының гала-концерті өтеді

Концертті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалайды деп күтілуде.
Концерттің бүгінгі бағдарламасында бес рояльдің орындауында М.Төлебаевтың «Біржан мен «Сара» операсынан белгілі бидің жаңа оранжировкасы, хореографиялық элементтермен үрмелі оркестрдің дефилесі, жеті жетіген үшін Н.Тілендиевтің «Аққу» күйінің орындалуы, әншілер, ішекті аспаптар ансамблі мен екі рояль үшін «Үш қоңыр» әнінің жаңаша өңделген нұсқасы және өзге де бірегей музыкалық нөмірлер бар.
Концерттің шырқау шегінде домбырашылар мен әншілер айтысына ұқсас оркестрлердің айтысы өтеді. Симфониялық және халық оркестрлерінің арасындағы тартыс - бұл шеберлік пен дарындықты паш ету, классика әлемі мен халық өнерінің жақындасуы және біртұтастығы.
ҚР халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірованың айтуынша, ЖОО-ның солистері мен студенттік ұжымдары көптеген белді сахналарда өнер көрсетті, олардың арасында берлиндік Концертхаус, лондондық Барбикан-Холл, Италиядағы Academia San Felice фестивалі, Нью-Йорктегі Карнеги-Холл және өзге де басқалары бар.