Алматыда құрылыс саласында мыңға жуық бұзушылық анықталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жыл басынан бері құрылыс нысандарына 740 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде бір мыңға жуық бұзушылық анықталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде қала құрылысын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Олжас Төлебаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда құрылыс саласында мыңға жуық бұзушылық анықталды

Спикердің мәліметінше, қала аумағында 823 құрылыс жүріп жатыр. Бюджет есебінен 240 нысан, 583 коммерциялық. Оның 155 тұрғын үй кешенінің құрылысы. Оған 383 құрылыс компаниясы мен 138 техникалық қадағалау ұйымы жұмылдырылды.

«Бақылау функциялары шеңберінде 2023 жылы 740 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, жалпы сомасы 187 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салыныды. 956 бұзушылық анықталды», - дейді ол.

Айтуынша, бұзушылықтарды жоюға 779 нұсқама берілді. Сапасыз құрылыс және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізгені үшін 312-бап бойынша 35,7 млн теңгеге 47 мердігер ұйым жауапқа тартылды. Биыл соттарға заңсыз салынған объектілерді бұзу туралы 53 талап-арыз жолданды. Заңсыз салынған 19 нысан бұзылды. 20 құрылыс уақытша тоқтатылып 247 лицензияның күші жойылды.

«Бүгінгі таңда сәулет-құрылыс бақылау органдары инспекциялау шеңберінде объектіге кедергісіз кіру құқығынан айырылғаны және тексерулер ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ресми өтініштер негізінде ғана жүргізілетіні белгілі. Алматы қаласы әкімінің бастамасы бойынша Президенттің қолдауымен тексеру жүргізу тәртібін қайта қарау және салынып жатқан объектілерге бақылауды күшейту жөнінде түзетулер енгізіледі. Тиісті заң жобасы Парламенттің қарауына жіберілді», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, спикер жылжымайтын мүлік сатып алуды жоспарлап отырған Алматы тұрғындарына жүгінді.

«Жылжымайтын мүлікті сатып алмас бұрын салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің құжаттарының толық пакетін қала құрылысын бақылау басқармасының жедел желісінің +7 705 89 66 000 WhatsApp нөмірі бойынша тексеру қажет», - деді Олжас Төлебаев.