Алматыда Құрылысшы күніне орай өткізілген велшеруге 1000-нан аса адам қатысты (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда дәстүрлі апта сайынғы велшеру өткізілді.
«Құрылысшы күніне орай өткізілген велошеруге 1000-нан аса адам қатысты. Бұл спорттық шара таңғы сағат 09:00-де «Нұрлы Тау» бизнес орталығы аумағынан басталып, 28 панфиловшылар саябағында аяқталды. Велошеруден кейін осы саябақта велоәуесқойлар арасында әр түрлі ойындар мен байқаулар ұйымдастырылды. Оған белсенді түрде қатысқандарға сыйлықтар табыс етілді», - делінген Алматы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының таратқан хабарламасында.
Естеріңізге сала кетелік, биылғы жылы дәстүрлі велошерудің алғашқы кезеңі 10 сәуірде басталып, 17 шілдеде аяқталған болатын. Бұл спорттық шара «Спорттық Алматы» қалалық бағдарламасы аясында өткізілуде. Мұнда басты мақсат - бұқаралық спортты дамыту, қала жұртшылығын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру. Велошеру өткізу шарасы алдағы қазан айының орта шеніне дейін жалғасады.