Алматыда құтқарушылар өрттен 91 жастағы қарияны далаға көтеріп алып шықты
Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің «101» пультіне Алмалы ауданы, Байтұрсынов көшесінде орналасқан 4 қабатты тұрғын үйдің шатыры жанып жатқаны туралы хабарлама бүгін сағат 14:15-те түсті.
Бірінші өрт сөндіру бригадасы оқиға орнына 4 минутта, сағат 14: 19-да келіп жетті.
Оқиға орнында өрт сөндірушілер баспалдақтарды түтін басқанын көрген.
Жоғарғы қабаттардағы пәтерлерден адамдарды эвакуациялау және өртті сөндіру бойынша құтқару жұмыстары бірдей жүргізілді.
№30 пәтерден өрт сөндірушілер 91 жастағы қарияны алып шықты.
Кейін мәлім болғанындай өрт шатырдағы ағаштың тұтануынан болған.
Өрт сөндіру кезінде барлығы 15 адам эвакуацияланған, олардың 6-уы балалар.
Қызыл жалын 14:31-де ауыздықталып, 14:46-да толықтай сөндірілді.
Тілсіз жау 10 шаршы метр жерді шарпыған.
Зардап шеккендер жоқ.