Алматыда күйік шалған 4 адамның жағдайы белгілі болды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда жылу магистралінің жарылуынан күйік шалған 4 адамның жағдайы туралы дәрігерлер айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда күйік шалған 4 адамның жағдайы белгілі болды

Оқыс оқиғадан 4 адам зардап шеккен. Жедел жәрдем бригадасы олардың үшеуін - №4 ауруханаға, бір адамды Шұғыл медициналық көмек көрсету ауруханасына жеткізді.

Бір адам амбулаториялық ем қабылдау үшін үйіне қайтарылды.

«Зардап шеккендердің табанын 1-2 дәрежелі күйік шалған. Науқастардың денсаулығы қазір жақсы. Реанимациялық шараларға мұқтаж емес. Медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр», - деп мәлім етті қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен.

Айта кету керек, оқыс оқиға таңғы 4-те Пушкин көшесінде болған. 1993 жылдан бері қолданылып келе жатқан тозығы жеткен құбыр жарылып кеткен. Салдарынан 4 адам зардап шекті. Көпқабатты үйдің 7 пәтері мен тұрақта тұрған 8 көлікке зақым келді. Алматы жылу желілері кәсіпорны барлық келтірілген шығындар көлемі есептелген соң заң шеңберінде өтейтін болады.