Алматыда қылмыскерлер әйелді буындырып, тонын шешіп алып кеткен

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда белгісіз біреулер әйелді буындырып, үстіндегі құндыз тоны мен сөмкесін алып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда қылмыскерлер әйелді буындырып, тонын шешіп алып кеткен

Қылмыс тұрғын үйдің кіреберісіне орнатылған видеокамералардың біріне түсіп қалған. Оқиға 15 ақпан күні түнгі сағат 01:35-те болған.

Видеода әйел адам үйлердің арасымен келе жатқаны көрінеді. Артынан белгісіз біреу ілеседі. Кейін қылмыскер әйелді буындырған күйі көзден таса жерге сүйреп әкеліп, жерге жатқызады. Оның есінен таңғанына көз жеткізген соң қолын босатып, үстіндегі тонын шеше бастайды. Қылмыскердің сыбайласы жәбірленушінің сөмкесін алып ақтарғаны байқалады. Кейіннен тонсыз әйел адам сол күйі қардың үстінде қалады.

Қалалық полиция оқиғаға байланысты түсінік берді.

«35 жастағы әйелге жасалған шабуыл бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы ҚР ҚК 192-бабымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады. Осы мақсатта жедел тергеу тобы құрылды. Кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. Кінәлілер табылып, жазаланады», - деді Полиция департаментінен.

Полиция мәліметіне сәйкес, жәбірленушінің денсаулығына айтарлықтай зақым келмеген. Ол дәрігерлерге жүгінбеген.