Алматыда қылмыстық топ мүшелерінен 3 Калашников автоматы мен 241 оқ тәркіленді
АЛМАТЫ. 13 маусым. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ -.Өткен сенбі күні Алматыда жол полицейлері кешкі сағат сегіздер шамасында Яссауи көшесі бойында қару-жарағын «Лексус» маркалы көлігінде салып, алып келе жатқан күдіктіні қолға түсірген.
Одан 3 Калашников автоматы мен 4 оқшантай және 241 оқ тәркіленді.
"Бұл жедел мәлiметті өте мұқият тексердік. Нәтижесінде біздің назарға бұрын адам өлтіріп, заңсыз қару сақтағаны үшін сотталған 44 жасар М. есімді азамат түсті. Соңғы рет ол 2000 жылы екі жылға бас бостандығынан айырылған. Күдіктіні ұстау кезінде оның көлігінде тағы үш еркек болды, олардың да қылмысқа қатысы бар-жоқтығы да бірден тексерілді. Ұсталғандардың барлығының тұрақты жұмыс орындары болмаған. Сондай-ақ олар жалдамалы пәтерде тұрып жатқан, сырттан келушілер", -дейді Алматы қаласы ІІД-нің ұйымдасқан қылмыстық топпен күрес басқармасының бастығы, полиция полковнигі Валерий Козлов.
Автокөлік иесі мен оның жолаушылары да қару-жарақты қайдан алғандығын және оны сақтаудағы мақсаттары жайында тіс жармаған. Тәркіленген барлық қарулар жедел-тергеу тобына жеткізіліп, ҚР ҚК-нің 251-ші бабына сай қаруды заңсыз сақтап, тасымалдау ісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
" Тәркіленген қару-жарақтардың не үшін қажет болғанын анықтау үшін сарапшы-криминалистер жұмысқа кірісіп кетті. Солардың жұмыс қорытындысы бойынша бұл қарулардың қылмыстық істерге қолданылды ма деген сұраққа жауап алынады. Сонымен қатар ұсталғандардың барлығы уақытша оқшаулау бөлмесіне жабылды, -деп атап өтті полковник Козлов.