Алматыда қымбат көліктерді ұрлаумен айналысқан қарақшылар тобы құрықталды
АСТАНА. Қазанның 27-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Алматыда қымбат көліктерді ұрлаумен айналысқан 5 адамнан құрылған топ құрықталды.
Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігі Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті.
«Жүргізген арнайы операция барысында 5 адамнан құралған топ құрықталды. Аталған топтың 1 жыл бойы Алматы және Алматы облысының аумағында танымал маркалы көліктерді ұрлаумен айналысқандары белгілі болды»,- деді Қ. Жұманов брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, күдіктілердің тұрғылықты жерлерін тінту кезінде олардан шолақ аңшылық мылтық, 2 винтовка, әртүрлі калибрлі патрондар, сондай-ақ жол полициясы қызметкерінің киімі мен көлік есіктерін ашуға арналған кілттер, көліктердің мемлекеттік белгілері мен техникалық құжаттары тәркіленді.
«Ішкі істер министрлігі Оңтүстік өңірлік ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы облысы ішкі істер департаментімен бірлесіп, жедел іздестіру барысында «Мерседес» және «Лексус» маркалы 4 автомашинаның тұрған жерін анықтады. Бұл ретте ұрланған автомашиналар агрегаттарының деректері қолдан соғылып, сатылғаны белгілі болды»,- деді департамент бастығы.
Сонымен қатар полицейлер ұрланған автокөліктерді сатып алушыларды да ұстады. Ұрланған автомашиналар бүгінгі күнде иелеріне қайтарылды.
«Мұнымен қоса аталған топ Алматы облысындағы кәсіпкерлердің біріне қарақшылық шабуыл жасағандары үшін де күдікті болып отыр. Онда 5 миллионнан теңгені құрайтын ақша және алтын бұйымдар қолды болған. Ұсталғандардың осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.