Алматыда қымбат көлікті ұрлаушы қолға түсті
АЛМАТЫ. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/- Кеше түнде алматылық полиция қызметкерлері қымбат бағалы БМВ көлігін ұрлаушыны қолға түсірді,
деп хабарлайды қалалық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Полицияға БМВ көлігінің иесі хабарласып, дүкенге кірген мезетте көлігін айдап кеткенін мәлім еткен. Қазіргі кезде қалада «Тәртіп сақтау» шарасы өтіп жатқаны мәлім. Шара аясында қалада күн сайын құрамында криминалдық полиция, жол полициясы, жедел әрекет ету отрядының қызметкерлерінен құралған 20 «Фотон» экипажы жұмыс істейді. Ұрланған көлікті жедел іздестіру кезінде осындай экипаждың бірі Жандосов көшесі бойымен Қаскелең бағытына бетеген ұрланған көліктің ізіне түскен. Біраз қуғынның нәтижесінде қолға түскен көлік ұрлаушы өз көлігі екенін айтып, ұстау кезінде қарсылық көрсеткен. Бұнымен қатар ол қашу кезінде «Субару» көлігін соғып, зақым келтірген. Қашқынды құрықтаған «Фотон» экипажы мүшелерінің айтуынша, ұсталған азамат араққа сылқия тойып алған көрінеді. Қазіргі кезде оның үстінен Әуезов аудандық ІІБ бөтеннің мүлкін иемденгені үшін қылмыстық іс қозғады.