14:29, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Алматыда «Қымызмұрындық» фестивалі өтеді
АЛМАТЫ. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Мамырдың 30-ы күні Алматыдағы Абай алаңында тұңғыш рет «Қымызмұрындық» халықтық фестивалі өтеді. Бұл туралы бүгін арнайы өткен баспасөз мәслихатында аталмыш шараны ұйымдастырушылар мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Фестивальді «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалы, Мәдени саясат және өнертану институтының қолдауымен «Саржайлау» қымыз орталығы өткізбек. Басты мақсат - қазақтың дәстүрлі мәдениетін жаңарту, қазақы этноэкономикалық негіз жасау.«Қымыз халқымыздың ғасырлар бойы үздіксіз пайдаланып келе жатқан ұлттық тағамы. Сонымен қатар халықтың қасиетін, дәулетін, салтанатын, дастархан берекесін білдіретін ырыс белгісі. Қазіргі дүниежүзін дағдарыс шарпып отырған заманда, қазақтың төрт түлік малы біздің ұлтқа қаржы табудың, жұмыспен қамтудың көзі ғана емес, мәдени жаңғыртудың бағыт-бағдары», - дейді «Саржайлау» қымыз орталығының президенті Ахметбек Нұрсила.Оның айтуынша, шара барысында ұлттық спорттық ойындар, ақындар айтысы ұйымдастырылады.