Алматыда қыздарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген қылмыстық топ құрықталды
АСТАНА. Желтоқсанның 14-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Ішкі істер министрлігінің өкілдері елдегі адам саудасымен байланысты қылмыстардың жолын кесу мен оларды ашу мақсатында желтоқсанның 7-сі мен 11-і аралығында елде «Стоп-трафик» жедел-сауықтыру шарасын өткізді.
Аталмыш шараның нәтижелерімен бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, шара аясында қолданылған шаралардың нәтижесінде адам саудалаудың 1 фактісі мен 1 кәмелетке
толмаған жасөспірімді саудалау әрекеті анықталған. Сондай-ақ
4 бойжеткенді жезөкшеліпен айналысуға мәжбүрлеу және 27 притон ұйымдастыру фактілері анықталған. «Жедел сауықтыру шарасы кезінде 55 жеңгетай мен жезөкшелікпен айналысып жүрген 371 адам анықталып есепке алынды. Ішкі істер органдарының арнайы бөлімдеріне аты-жөндерін анықтау үшін 127 адам қамауға алынды. Олардың 18-і ақыға интимді қызмет көрсетіп жүрген кәмелетке толмаған жасөспірімдер болып отыр. Ұсталғандардың 43-і ТМД азаматтары болып шықты», деді департамент бастығы.
Оның мәліметтерінше, желтоқсанның 9-ы күні қызылордалық тәртіп сақшылары Жаңақорған қаласының 39 жасар азаматшасын ұстаған. Ол кәмелеттік жасқа толмаған екі жасөспірімді Тараз қаласының мейманханалары мен сауналарында сексуалдық қызмет көрсетуге мәжбүрлеген. Аталмыш азаматшаға қарсы қылмыстық іс қозғалды.
Ал Жамбыл облысында Қырғызстан азаматшасын жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген қаланың 35 жасар тұрғыны ұсталды. Сондай-ақ Алматыда 20 мен 25 жас аралығындағы бірнеше қызды алдау арқылы жезөкшелікпен айналысуға итермелеген 3 адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталды.