Алматыда қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдарында 80-нен астам алматылық полицей қызметтік міндеттерін атқару кезінде көз жұмды. Бұл туралы қаланың бас полицейі Арыстанғани Заппаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыда қызмет бабында қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алды

Қазақстан полициясы күні Алматының тәртіп сақшылары қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан әріптестерін еске алды.

Алматы полициясының бастығы Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, тәуелсіздік жылдарында 80-нен астам алматылық полицей қызметтік міндеттерін атқару кезінде көз жұмған, оның 37-сі қылмыспен ымырасыз күресте ерлікпен қаза тапты.

«Олардың барлық жоспарлары мен үміттерін жүзеге асырмай, бейбіт заманда, жас кезінде халқы мен Отаны үшін жанын қиғаны қиын. Олардың ерлігін өмірінің соңғы минуттарында қасында болған әріптестері де, әкелерінің ерліктері жайында естіп өсетін балалар да ұмытпайды», – деді Арыстанғани Заппаров.

Кәсіби мерекелерінде ішкі істер органдарындағы мінсіз қызметі үшін Алматы қаласының 300 тәртіп сақшысы марапатталды.

«Полицей болу – қоғамға адал болу деген сөз. Өйткені біздің азаматтардың мүддесі, тыныш және қорғалған өмірі өз өмірінен жоғары тұрады. Біз адал және мінсіз қызмет ететін, заңдылық пен тәртіпті қамтамасыз ету үшін өздерінің жеке жауапкершілігін анық түсінетін мамандарымызды мақтан тұтамыз. Бүгінгі таңда Алматы полициясында қылмысқа қарсы күрес жүргізу, заңдылық пен тәртіпті нығайту және қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктер бар. Ішкі істер органдарының ардагерлері мен жеке құрамды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын! Зор денсаулық, бейбітшілік, бақ-береке, бақыт, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен өркендеуі жолында табыс тілеймін, – деді Арыстанғани Заппаров.