Алматыда лаңкестер туралы деректі фильм көрерменге жол тартты

Аталған кинотуындыны Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Қазақстан Республикасы Дін істері және Азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен түсірді. Режиссері - Әсия Байғожина.
Фильмде қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі - дін жолындағы адасушылық туралы баяндалады. Негізгі эпизод - дүйім елді дүрліктірген, бірнеше адамдардың өмірін қиып, 40 жуық жергілікті тұрғынды жаралаған қанды оқиға - 2016 жылы маусымның 5-інде болған Ақтөбедегі теракт. Бұл фильм мұрағат материалдарына, лаңкестердің шабуылынан аман қалған жандардың, дәстүрлі емес ислам ағымын ұстаушылардың жақындарының естеліктеріне негізделген.
- Ислам дініне қатысты көтерілетін барлық мәселелер мені қашан да қызықтырады. Маған осы фильмді түсіруге ұсыныс жасағанда, тақырыптың күрделілігіне қарамастан бірден келісімімді бердім. Осы фильмді жасауда беделді дінтанушы Асқар Сабдин үлкен көмек көрсетті. Сондай-ақ, аса түсінушілікпен қарап, төтенше жағадайда жұмыс жасағандары үшін фильмнің түсіру тобына алғысымды білдіремін, - деді фильмнің режиссері Әсия Байғожина.
Айта кетсек, деректі фильм төрт бөлімнен құралған. Әр бөлім кейіпкерлердің есімдерімен аталады, олар: Жазира - бес баласымен және күйеуімен бірге Сирияға кеткен; Жансерік - Ақтөбедегі түрмеде теракт үшін жазасын өтіп жатыр; Диана - 16 жастағы колледж студенті, Түркияға барып, кейін Сирияға өтіп кеткен; Марат - Шымкент қаласының 45 жасар тұрғыны, орыс тілі пәнінің мұғалімі, әйелін, алты баласын алып Сирияға кеткен...
Жастарымыз неге дін жолында адасуда? Бұл жолға оларды не итермелейді? Жастардың діни сауаттылығы қандай, дәстүрлі дінге бет бұру амалдары бар ма? Фильмде осы жайында белгілі теологтар және діни қызметкерлер, саясаткерлер мен тарихшылар, мемлекеттік орган қызметкерлері және қоғамдық ұйымдардың белсенділері өз ойларымен бөліседі. Фильмнің түсіру жұмыстары Алматы, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында, Уфа және Мәскеу қалаларында жүргізілген.