Алматыда лаңкестік бойынша 31 рет жалған қоңырау шалынған

АЛМАТЫ. 28 сәуір. ҚазАқпарат -  Алматыда 2011 жылы лаңкестік бойынша жалған хабар беруге қатысты 31 оқиға тіркелді.

Алматыда лаңкестік бойынша 31 рет жалған қоңырау шалынған

Бұл жайлы қалалық прокурордың  БАҚ жөніндегі аға көмекшісі Гүлнар Байсаламова бүгін баспасөз брифингінде хабарлады.

«Лаңкестік бойынша жалған хабар берген барлық адамдар анықталып, қылмыстық іс қозғалды. «Рақымшылық туралы» заң бойынша олардың көпшілігінің ісі қысқартылды. Алайда келтірілген шығын көлемі нақтыланып, прокуратура оны сот арқылы өндіріп алуда. Атап айтқанда   3 факт бойынша кінәлілер шығынды өз еріктерімен төлесе, 4 оқиға бойынша прокуратураның сот органдарына берген талап арыздары толықтай қанағаттандырылды. Ал өзге фактілер бойынша сот ісі жалғасуда», - дейді Г. Байсаламова. Оның айтуынша, бұл жағдай лаңкестік туралы жалған хабар берген адамдар жазасыз қалады дегенді білдірмейді. Олардың келтірген шығындары мемлекетке толық өтеледі. Оған келітретін  нақты мысалдар жеткілікті. «Мәселен 2011 жылы 4 желтоқсанда қалалық құтқару қызметінің  112 телефон нөміріне  ұялы байланыс телефонынан  Семенова деген азаматша «Максима» ойын-сауық орталығына жарылғыш қондырғы  қойылғаны туралы хабарлайды.  Оқиға орнына жедел жеткен төтенше қызмет органдары ешқандай қауіпті затты таппады. Ал бұл жәйт бойынша жалған телефон лаңкесінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Алайда  рақымшылық заңымен іс қысқартылды. Кейін прокуратураның Бостандық аудандық сотына берген шағымы бойынша айыптыдан 99 924 теңге өндіріліп алынды», - деді Гүлнар Байсаламова.