Алматыда латын әліпбиі туралы сайт жасау ұсынылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қоғам қайраткерлері латын әліпбиіне көшу процесі туралы толық мағлұмат беретін сайт жасау туралы ұсыныс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттерді орындау аясында Алматыда дөңгелек үстел өтті. Жиынды «Нужный кадр» әлеуметтік және шығармашылық бастамалар қоры қоғамдық қоры өткізді.
«Сайтта мағлұмат толық болады. Атап айтқанда, әр кездесу, фото видео барлығы жарияланады. Яғни, ортақ сұхбат алаңын жасау мақсат болып отыр. Оған әр адам қатысып пікір білдіре алады», - деді қор үйлестірушісі Наталия Береза.
Айта кету керек, мұндай дөңгелек үстел Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылды. 9 қазанда Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдаған болатын.
Онда Елбасына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып, әзірленген қазақ тілінің латын графикасына негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды.
Елбасы мақаласында латын әліпбиінің қазақ тарихымен қалай тамырласып келе жатқандығын атап өтті.
«Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты.
Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.
2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет», - деді Н.Назарбаев.
Президент алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізуге пәрмен берді.
Елбасы латын әліпбиіне көшу мәселесіне келгенде халық пікірін ескеруді тапсырды.