Алматыда лай көшкінінен қорғану маусымы 15 қыркүйекте аяқталады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда сел жүру қаупі сейілетін уақыт жақындап қалғанымен қалалық ТЖД мамандары әлі де қамсыз отыруға болмайтынын ескертті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«15 қыркүйек күні ТЖД мамандары үшін лай көшкіні қауіпті деп саналатын маусым аяқталады. Тау басына қар жауып, күн суытады. Тау бөктеріндегі барлық елді-мекендер үшін қауіп азаяды. Алайда, келесі қауіпті маусым басталып, қар көшкіні мен су тасудың алдын алу шаралары басталады», - деді «Қазселденқорғау» ММ басшысы Тоқтарбек Баймолдаев.
Айта кетейік, бүгін Қ.И.Сәтпаев атындағы ҚҰТУ География институтының ұсынысы бойынша Алматы әкімдігінің қолдауымен, селден қорғану саласы бойынша мамандар бас қосқан халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр.
«Алматы бойынша айтар болсақ, Алатауда 40 көл бар, оның 15-і арнасынан сыймай жыл сайын қауіп тудырады. Ал Алматы облысында таудан ағатын 20-сы сел қаупін тудыратын тау суы болып есептеледі. Сел жүру қаупі зор маусымда беріктілік деңгейі тексеріледі. «Қазселденқорғау» ММ-ның құрамындағы 100 гидротехникалық нысанды бақылауда ұстаймыз. Лай көшкіні қауіпті саналатын аймақтардың картасы бар, ол жыл сайын толықтырылып отыр. Бізде 650 таудағы көлдің құжаты әзірленді», - деді Тоқтарбек Баймолдаев.
Маманның айтуынша, селдің жүруін тек мұздақтардың еруінен болжауға болады.
«Алматы маңындағы 36 тау көлінің биыл 17-сі арнасынан асуы мүмкін деп, қауіпті ретінде бағаланды. Оның ішінде 9-ы аса қауіпті деп саналып, суларын ағызу жұмыстары жүргізілді», деді ол.
Мамандар қазіргі уақытта сел көшкінінің қаупі жоқ деп отыр.
«4 селден қорғау бөгенін салу, жоспарлау жұмыстары үшін әкімдік 168 млн теңге бөлді. Мыңжылқы бөгені маңынан 4 шақырымдық жол салынып, бөгеннің су бөгеу ауқымын 220 млн текше метрден 500 млн текше метрге дейін кеңейту жұмыстары жүріп жатыр», - деді Алматы ТЖД басшысы Серік Әубәкіров аталған жиында.