Алматыда "Let's speak қазақша!" әлеуметтік жарнама галереясы ашылды

АЛМАТЫ. 13 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда "Let's speak қазақша!" әлеуметтік жарнама галереясы ашылды.

Алматыда "Let's speak қазақша!" әлеуметтік жарнама галереясы ашылды

Енді наурыз айына дейін «Столичный» супермаркетінің (Қабанбай көшесінің бойында, Желтоқсан мен Абылайхан даңғылы аралығында) алдындағы әйнекте "Let's speak қазақша!" жобасында қазақ тілін өз еріктерімен меңгеріп, жақсы көрсеткіш көрсеткен 14 жеңімпаздың суреттері ілініп тұратын болады.

"Бұл біздің жарты жылдық жұмысымыздың нәтижесі. Жоба биыл жазда басталған болатын. Жобаға барлығы 40-тан астап қазақ тілін үйренгісі келетін әр түрлі ұлт өкілдерінен тұратын жандар қатысты. Жас аралықтары да әр түрлі болды - бірі мектеп оқушысы болса, бірі үлкен компаниялардың қызметкерлері, ал бірі - студенттер. Олардың ешбірі тіл үйренуді үлкен мәселе жасаған жоқ, мәселен, әдебиеттер керек, не уақыт жоқ дегендей.... Өздерінің күнделікті араласатын достары, туған-туыстары, көршілерімен қазақ тілінде сөйлесемін деп мақсат қойып, бүгінде сол мақсаттарына жетіп қазақ тілінде еркін сөйлеуде",-деді шараның ұйымдастырушысы, Қазақстанның жастар медиа одағының директоры Светлана Ғалиева.

Оның айтуынша, жеңімпаздардың жетістігі мемлекеттік тілді үйренгісі келетін қазақстандықтар үшін нағыз үлгі болмақ.

Ал, жоба жеңімпаздары бұл жетістіктерін ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына қосқан қарапайым үлесіміз деп санайды. Олардың айтуынша, қазақ тілін үйрену үшін - ең бастысы қалау мен нақты мақсат қажет.

Аталмыш шара ҚР Тұңғыш Президенті қорының қайырымдылық көмегенің арқасында жүзеге асқан.