Алматыда «М. Әуезов және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» атты ғылыми-теориялық конференция өтті
АЛМАТЫ. Қыркүйектің 28-і. ҚазАқпарат /Мұсахаев Әділет/-Бүгін Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің 75 жылдық мерейтойына арналған «М. Әуезов және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін ұлы суреткер, ғұлама ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтың туған күні. Міне, бұл күнді жыл сайын дәстүрлі конференция ғып өткіземіз, биылғы конференцияның орны бөлек болып тұр. Себебі биыл ҚазҰУ-нің 75 жылдық торқалы тойы, сол тойдың қарсаңында «М. Әуезов және қара шаңырақ ҚазҰУ» деп халықаралық деңгейде өткізіп жатырмыз. Бұл шара тұтастай М.Әуезовтың шығармаларына арналады, ол кісі 30 жылға жуық осы қара шаңырақта ғұмырын өткізді, қазақ ауыз әдебиетінен, Манастану, Абайтану, әлем әдебиетінен лекциялар оқыды. Сонымен қатар осы жерге келіп-кетіп жүріп өзінің «Абай жолы» эпопеясын және қазақ әдебиетіне байланысты қаншама оқулықтар жазды, міне сондықтан М.Әуезовтың ҚазҰУ-дегі орны ерекше дейміз», дейді ҚазҰУ-нің филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы.
Конференция барысында жазушының шығармашылығы мен ғылыми зерттеу еңбектерінің басты бағыттары және қазақ әдебиеті мен әлем әдебиеті арасындағы байланыстар, сондай-ақ М.Әуезов мектебінің дәстүрі мен шығармашылығы жайлы жоғары мектепте оқытудың келелі мәселелері қаралды.
Шараға алыс-жақын шетелдерден және республикамыздың жоғары оқу орындарынан танымал әдебиеттанушы ғалымдар, белгілі жазушылар, сондай-ақ студенттер мен магистранттар қатысты.