Алматыда «Мәдени мұра» бағдарламасының тиімділігі және «Қыз Жібек» жырының 500 жылдығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
АЛМАТЫ. Желтоқсанның 8-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда М.Әуезов мұражай үйінде «Мәдени мұра» бағдарламасының тиімділігі және "Қыз Жібек" жырының 500 жылдығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш шара М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты мен «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткізілді.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда халқымыздың бай мәдени мұрасының бірі - «Қыз Жібек» жырын бүгінгі еліміздің рухани айналымына қосу барысындағы іс-шаралар бойынша жасалған жұмыстардың қорытындысы жасалды. Конференция жұмысына қатысушы сарапшы-мамандар, ғалымдар мен өнертанушылар «Қыз Жібек» жырының варианттары мен текстологиясына, музыкасы мен опера қойылымдарына баға беріп, баяндамалар жасады. Сонымен қатар, отырыста «Мәдени мұра» бағдарламасының маңыздылығы мен тиімділігі, сондай-ақ олқы тұстары сарапталды.
"Қыз Жібек" жырының 500 жылдығы биыл еліміздің әр жерлерінде аталып өтті. Әртүрлі шаралар атқарылып жатыр. Осы шараның аталуы Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының тиімді жүзеге асып жатқандығының көрінісі деп айтуға болады», деді ЮНЕСКО-ға "Қыз Жібек" жырының шыққан уақыты 1508 жыл деп дәлелдеп, 2007 жылғы қарашада ЮНЕСКО-ның кезекті сессиясында "Қыз Жібек" жырын 2008 жылдың мерекелік күн тізбесіне енгізіп, оның 500 жылдығын атау туралы шешім қабылдатуға атсалысқан ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейіт Қасқабасов.
Жиын барысында «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі мемлекеттік «Мәдени мұра» және «Алматы қаласының мәдени мұрасы» аймақтық бағдарламаларының тиімді жүзеге асуы барысын зерттеу» жобасы бойынша аталған бағдарламаны жетілдіру бағытында жүргізілген әлеуметтік зерттеуді ұсынып, қорытынды жасады.
«Зерттеудің мақсаты - екі бағдарламаның жүзеге асуы барысын зерттеу, кемшін тұстарын айқындау, одан әрі дамыту жолдарына арналған ұсынымдар әзірлеу, жетілдіру жолдары туралы ақпараттарды сұрыптау. Әлеуметтік зерттеу барысында сауалнамаға жауап бергендердің 85 пайызы «Мәдени мұра» және «Алматы қаласының мәдени мұрасы» аймақтық бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға көңілдері толатындықтарын айтқан. 90 пайызы «Мәдени мұра» бағдарламасы туралы толыққанды хабардар екендігін, 80 пайызы «Алматы қаласының мәдени мұрасы» аймақтық бағдарламасы туралы нақты жасалып жатқан жұмыстар жайында естімегендіктерін алға тартқан. Олар жеткілікті насихаттау қажет әрі әлі де жетілдіру түсу керек деп санайды», деді «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің басшысы Болатбек Төлепберген.