Алматыда магистралдық жолдар мен көшелер желісінің ұзындығы 2030 жылға қарай 1,5 есеге ұлғаяды - Ж. Айтілеу

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыдағы магистралдық жолдар мен көшелер желісінің жалпы ұзындығы қазіргі таңда 1500 шақырымнан асады. Ал 2030 жылға қарай ол, 1,5 есеге ұлғайып, 2220 шақырымды құрайтын болады.

Алматыда магистралдық жолдар мен көшелер желісінің ұзындығы 2030 жылға қарай 1,5 есеге ұлғаяды - Ж. Айтілеу

Бұл туралы бүгін Алматыда «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығында өткен қоғамдық тыңдау барысында қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының бірінші орынбасары Жанат Айтілеу мәлім етті. Басқосуда қаланың 2030 жылға дейінгі кезеңін қамтитын бас жоспарына түзету енгізудің екінші кезеңі талқыланды.

Жанат Айтілеудің айтуынша, Алматы қаласына 2014 жылдың сәуір айында 23200 гектар жер қосылды. Сәйкесінше, 92604 мың тұрғыны бар 27 елді мекен қала аумағына енді. Ал бұл бірінші кезекте қала орталығы мен сол елді мекендерді байланыстыратын жол-көше желілерін ретке келтіруді талап етеді.

«Өкінішке қарай, қала іргесіндегі елді мекендердегі тұрғын үйлер мен көшелер көп жағдайда ретсіз салынған. Бұл қала көшелерін сыртқа қарай ұзартуда үлкен қиындықтар туғызады. Жол салу үшін жер учаскелерін сатып алу керек. Бұған орасан зор қаржы керек. Дейтұрғанмен, 2030 жылға дейін Алматының магистралдық жолдары мен көшелері қаланың қазіргі шекарасына дейін ұзартылады. Дәлірек, Жандосов, Шаляпин, Төле би көшелері мен Абай даңғылы батысқа қарай, Ақжар кенті мен «Елім-ай» өндірістік кешеніне дейін ұзартылады. Оңтүстікте Рысқұлов, Ақан сері, Ақын Сара және басқа да тиісті көшелер Жылу электр стансасы мен Рахат, Мәдениет, Боралдай кенттеріне дейін тартылады. Ал шығысқа бағытталған көшелер Қайрат, Колхозшы, Бесағаш кенттеріне дейін ұзартылады. Бұл жерде Бесағаштың өзі қала аумағына енген жоқ», - деді Ж. Айтілеу.

Тағы бір айта кететін жәйт, қаланың батыс жағында «Алтын орда» көтерме сауда базары арқылы өтетін Райымбек даңғылындағы көлік кептелісін азайту үшін жақын болашақта Райымбек даңғылының жанынан жаңадан жанама жол салынады.

Сонымен қатар, болашақта қалада шапшаң жолаушы тасымалы жүйесі де дамитын болады. Яғни, қоғамдық көліктер өз алдына бөлек жолақтармен жүреді. Ал қалаға шеттен келетін автокөліктердің санын шектеу мақсатында қалаға кіреберіс жолдарда автостансалар мен үлкен автотұрақтар салынатын болады.